Жаңалықтар

Қорытынды жаңалықтар 2.11.2020


Listen Later

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезі 25 қарашада өтетін болды. Бұл жайында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімет таратты. «Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезін өткізу туралы қаулыға қол қойды» деп жазды Бауыржан Байбек Twitter парақшасында.

*****

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркелмеген қарыз беретін ұйымдар жабылады. Ведомство басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап агенттіктің реттеу аясына халыққа қарыз беретін барлық заңды тұлғалар – онлайн кредиттеу компаниялары, ломбардтар және кредиттік серіктестіктер енгізілді. Жұмыс істеп тұрған субъектілерді есептік тіркеудің шекті мерзімі 2020 жылғы 1 қыркүйекте аяқталды. Мәдина Әбілқасымованың атап өтуінше, 1 079 ұйым (барлық банктік емес ұйымдардың 33 пайызы), оның ішінде 650 ломбард, 202 кредиттік серіктестік және 227 микроқаржы ұйымы агенттікте есептік тіркеуден өткен. «Тіркеуден өтпеген 2 187 субъектіден 1 196-сы жұмыс істемейді. 744-інің қызметі тоқтайды», – деді Мәдина Әбілқасымова.

*****

ІІ тоқсанда контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептер дәстүрлі оқыту форматына көшіріледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Сенат депутаттары сауалына берген жауабында айтылған. Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, осы жылғы 25 қазанда елімізде оқушылар арасында COVID-19 ауруының 298 жағдайы тіркелген. Оның 127-сі офлайн режимде және 171-і қашықтан оқыған.

*****

Келесі жылы «Әліппе» енгізіледі. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, қазір оқулықтар әзірлеу жұмыстары басталған. «Бұл жұмыстың соңы ретінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар апробацияға енгізілетін болады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізбесін бекітті», - деді вице-министр Орталық коммуникацияар қызметінде. Оның сөзіне қарағанда, осы бекіткен тізбеге байланысты барлық мектепте «Әліппе» бағдарламасы зерделенеді. «Одан кейін оқулық даярлаудың барлық кезеңдеріне байланысты толық талдау жасау жұмысы жүрігізіледі. Сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында енгізіледі. Жалпы, «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланған», - деді Шолпан Каринова. Оның айтуынша, «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады.

*****

Елімізде діни бағытта «Халық арна» телеарнасы ашылады. ҚМДБ-ның тұңғыш төл арнасы ұйымның 30 жылдығына орай көрерменімен қауышады. Қазіргі таңда арнаға қажетті контентті жинақтау жұмысы аяқталған. Діни бағыттағы бағдарламалар, сұхбаттар, сюжеттер мен бейне-роликтердің басым бөлігі ҚМДБ-ның бас кеңсесінде түсіріледі. Арнаны «Отау тв» мен «Алма тв» кабельдік желілерінен көруге болады. Ертең өтетін телеарнаның ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, елге белгілі қоғам қайраткерлері қатысады.

*****

Сауд Арабиясы шетел азаматтарына кіші қажылық рәсімдерін орындауға қайтадан рұқсат берді. Алайда Исламның қасиетті орындарына тек 18-50 жас аралығында азаматтар ғана бара алады. Бұдан бөлек Ұмраны өтеуге келгендердің Сауд Арабиясы аумағына кіру үшін ПТР-тест анықтамасы болуы керек. Содан кейін үш күндік карантиннен өтуі тиіс. Тағы бір талап: мешіттердегі адам саны 20 мыңнан аспауы керек.

*****

Түркияда 65 сағаттан астам уақыт бойы үйінділер астында жатқан үш жасар бала құтқарылды. Бұл туралы Anadolu агенттігі мәлімдейді. Аман қалған бала ауруханаға жеткізілген. Естеріңізге салайық, өткен жұмада Түркияның батысында қуаты 7 балл болатын жер сілкінісі тіркелді. Апат салдарынан Измирде ондаған үй қирап, 83 тұрғын көз жұмды, жаралылар саны 962-ге жетті. Қазір қираған 6 ғимаратта құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаралылардың 743-і жеңіл жарақатпен құтылса, 219-ы ауруханаға жатқызылған, оның 9-ы жансақтау бөлімінде, 4-еуі өте ауыр халде.

...more
View all episodesView all episodes
Download on the App Store

ЖаңалықтарBy Qazaq Radiolary