1965 жылы ол кезде ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев Қазақфильм киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарған екен. Бірде жұмыстан шығып, көңілсіз күйде үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28-Панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын алады. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол біріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім» - деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып береді. Саябақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені соншалықты, ол «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі.